📉 Америкалық қор нарығындағы сауда сессиясы аралас динамикамен аяқталды: S&P 500 іс жүзінде өзгермеді, Dow Jones 0,4%-ға төмендеді, ал Nasdaq Composite 0,5%-ға өсіп, маусым айынан бері алғаш рет жабылу деңгейінде тарихи максимумын жаңартты. Технологиялық секторға мұнай бағасының төмендеуі негізгі қолдау көрсетті. Бұл инфляцияға және ФРЖ мөлшерлемелерінің одан арғы бағытына қатысты алаңдаушылықты бәсеңдетті.
🤝 Қосымша фактор ретінде Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленістің ықтимал бәсеңдеуіне қатысты дипломатиялық сигналдар, сондай-ақ Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің Вашингтонда кездесуі туралы күтулер әсер етті. Инвесторлар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда бітімінің сақталуына және технологиялар мен микроэлектроника экспортына қатысты жаңа шектеулер енгізілу қаупінің төмендеуіне үміттеніп отыр.
📉 Даниялық фармацевтикалық алпауыт Novo Nordisk акциялары 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы таныстырылғаннан кейін шамамен 9%-ға құлдырады. Нарық компанияның ұзақ мерзімді өсім бойынша болжамдарын сарапшылардың күткенінен төмен деп бағалады.
📉 Brent маркалы мұнай фьючерстері 1,1%-ға арзандап, барреліне $99,3 болды, ал WTI бағасы соңғы екі аптадағы ең төменгі деңгейге түсті. Бағаның төмендеуіне Сауд Арабиясындағы «Шығыс — Батыс» мұнай құбыры жұмысының ішінара қайта жандануы және Янбу порты арқылы мұнай жөнелтілімдерінің артуы негізгі әсер етті. Бұл Ормуз бұғазы арқылы тасымалдауға қойылған шектеулердің бір бөлігін өтеуге мүмкіндік берді.
🛢 Иранның АҚШ тарапынан әскери қысым төмендеген жағдайда бұғазды жеті күн ішінде ашу мүмкіндігі туралы мәлімдемелері де мұнай бағасына қысым көрсетті. Сонымен қатар Трамп әкімшілігі ішкі нарықтағы жеткізілімдерді ұлғайтып, рекордтық бағаларды тежеу үшін АҚШ-тан дизель отынын экспорттауға толық немесе ішінара тыйым салу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Елдегі дизель бағасы галлонына $6,53-ке жетіп, бір жыл бұрынғы деңгейден шамамен $3-ға жоғары болды.
🚆 «НК «Қазақстан темір жолы» АҚ IPO аясында компанияны $30 млрд-қа дейін бағалау кезінде $5 млрд-қа дейін қаржы тартуды жоспарлап отыр. Орналастыруды қазан айында AIX, LSE және HKEX биржаларында өткізу жоспарланған. Алайда нарықтық жағдайға байланысты IPO 2027 жылға ауыстырылуы мүмкін. Мәміле Қазақстанның жекешелендіру бағдарламасындағы ірі кезеңдердің бірі және отандық нарық тарихындағы ең ірі IPO болуы ықтимал.
Telegram-арнамызға жазылыңыз — күн сайын сарапшыларымыз нарықтағы идеялар мен болжамдармен бөлісіп, инвесторлардың өзекті сұрақтарына жауап береді.